Экономика

Жаңа нысан — өндірістің өлшемі

Жақында Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылы маңында Сарытау кенішінде жаңа қиыршық тас зауыты пайдалануға берілді. Бұл облыс бойынша биылғы жылдың екінші жартысында жүзеге асырылуы тиіс 12 инвестициялық жобаның бірі еді. Жобаны «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС ойдағыдай атқарып шықты. Зауыттың салтанатты ашылуына осы жобаның жүзеге асуын бақылауда ұстаған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Жақсығали Иманқұлов, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қойшекенов, зауыт бастығы Алдияр Халықбергенов, мамандар мен жұмысшылар қатысты.

Сарытауда жаңа зауыт

Зауыттың ашылуы салтанатында алдымен тас ұсақтайтын «LONG JANG» қытай фирмасының қазіргі заманғы жаңа технологиясының нүктесі басылып, жұмыс басталып кетті. Машинамен әкеліп төгілген қой тастар лентамен ұсақтау техникасына барып түсіп, әп-сәтте қиыршық тас болып шығып жатты.

Зауыттың құрылысын жүргізіп, іске қосқан «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС батыс өңірдегі белді кәсіпорындардың қатарында. Серіктестіктің бас директоры Валерий Есипенконың басшылығымен талай-талай ірі құрылыстар аяқталды. Қазіргі кезде, басқаны айтпағанда, Жаңа Өзеннен Түркіменстан шекарасына дейін, Алматыдан Қытайдың Хоргос қаласына дейін салынып жатқан темір жол құрылыстарын осы серіктестік жүргізуде. Атырау облысында Қарабатан мұнай өңдеу зауыты құрылысын да мойындарына алып, бастап кетті. Үлкен материалдық базасы бар, мамандары жеткілікті кәсіпорын Сарытау қиыршық тас зауытын белгіленген мерзімде салып бітірді.

— Бұл зауыт компанияның өз қаражатына салынды, — деді зауыт бастығы Алдияр Халықбергенов. — Біз жеңіп алған тау аумағының 400 миллион текше метр қоры бар. Болжам бойынша, қор 30 жылға жетеді. Жұмысты бастамас бұрын алдымен таудың тасын тиісті ғылыми сараптамадан өткізіп, химиялық және физикалық құрамын анықтадық, экологиялық тазалығын тексерттік. Мұндай зауыт салуға тәуекел етудің реті бар. Еліміздің экономикасы жыл сайын өркендей түсуде. Көптеген ірі құрылыстар, автомобиль, темір жолдар салынуда. Мұндай ірі нысандарға қиыршық тас аса қажет. Болашақта осы өңірде салынатын құрылыстар үшін біздің өніміміз сұранысқа ие болады деп ойлаймын.

Қазіргі кезде екі вахтада 20 адам еңбек етуде. Әзірге жылына 50 мың текше метр өнім шығарылады. Ал келесі жылы маусым-шілде айында жоба толық іске қосылғанда зауыттың қуаты жылына 500 мың текше метр қиыршық тас шығаруға жететін болады. Соған сәйкес жұмыс орыны 50-ге жетеді.

Тасты қайта өңдеудің технологиялық жүйесінде тасты ұсақтаудың 3 түрі қарастырылған және қиыршық тасты төсеу кезінде шығатын шудың вибрациясы қалыпқа келтірілген.

Зауыт басшылығы құрылысты жүргізуде мердігерші «Мастерстрой» ЖШС директоры Миртай Салықов бастаған ұжымның тынымсыз еңбек еткенін атап өтті.

Айта кету керек, қиыршық тасты темір жол арқылы тасымалдау үшін Мұғалжар темір жол бекетінен зауытқа дейін ұзындығы 4 шақырымға жуық қосалқы темір жол төселуде. Темір жол құрылысымен «Бекарыс» фирмасы айналысуда. Серіктестік директоры Әшім Кәрібеков жыл аяғына дейін 2 шақырым, алдағы жылы қалған 2 шақырым жол құрылысын аяқтаймыз деп отыр.

— Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында биылғы жылы облыс бойынша 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын, — дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Жақсығали Иманқұлов. — Соның бірі екінші жарты жылдықта тапсырылуы тиіс — Мұғалжардағы қиыршық тас зауыты. Зауыт құрылысын «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС діттеген межеде атқарып шықты. Жаңа инвестициялық жобаның іске асуы бірнеше мәселенің шешілуіне апарады: жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылды; батыс аймақтың тұтынушылары құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіледі; заманауи технология болғандықтан өнім сапасы да жоғары болмақ.

Мұғалжардағы бес жоба

Әлеуметтік-экономикалық дамуда бұрыннан негізі бар Мұғалжар ауданында, әсіресе, соңғы жылдары өндірістік құрылыс бұрынғыдан да бетер қарқын алды. Жылына бірнеше инвестициялық жоба қабылданып, мерзімінде пайдалануға беріліп, кәсіпорындар саны артып келеді.

— Биылғы жыл біз үшін экономикалық даму үстінде өтуде, — дейді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қойшекенов. — Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде үстіміздегі жылдың 8 айында аймақтық жүйе құрайтын ірі кәсіпорындарда 249 миллиард 232 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға жоғары. Енді, міне, тағы бір өндіріс ошағы өз жұмысын бастады.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, биылғы жылы жалпы құны 581 миллион 200 мың теңгені құрайтын 5 жаңа нысан осы ауданда салынып жатыр. Бұл жобалар мыналар: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның үш жобасы, яғни № 4 мұнай өңдеу зауыты, Жаңажол газ өңдеу зауыты және Солтүстік Трува кен орнындағы газ айдау зауыты; «Ақтөбемұнайфинанс» АҚ-ның Жаңажол ГТЭС-інің екінші кезеңі; «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-ның қиыршық тас зауыты. Ағымдағы жылдың сәуір айында жалпы құны 4372 миллион теңге құрайтын Жаңажол ГТЭС-інің екінші кезеңі жүзеге асырылды. Енді, міне, қиыршық тас зауыты пайдалануға берілді. Ал қалған жобалар жыл аяғына дейін аяқталатын болады.

— Ауылымызда тағы бір қиыршық тас зауытының пайда болғанына қуаныштымыз, — дейді Мұғалжар ауылының әкімі Ғалым Дәрімбетов. — Халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік саланы нығайту үшін кәсіпорындар керек-ақ. Бұл дегеніміз алдымен жұмыс орыны, бюджетке түсетін салық болып табылады.

Ауыл әкімі бұрын ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуде көбіне «Көктас» АҚ көмектесіп келгенін, енді жаңа зауытқа үміт артатынын да айтып қалды. Ауылдық округ аумағында орналасқан кәсіпорындар ауылға көмектесуді парыз санайды екен. Мәселен, «Көктас» АҚ биылғы жылы мектептің ішкі жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізіп берген. Бұған дейін 50 орындық балабақша салған. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың ықыласына бөленіп отыр.

Қазіргі кезде Мұғалжардың басындағы тұрғындар үшін жұмыс орындары жетіп артылады. Мұғалжарлықтар бұрынғыдай жұмыс орнын емес, жалақысы көп жерді іздейтін болды. Мұның өзі олардың тұрмыс жағдайының жақсы екенін көрсетсе керек.

Мұғалжар ауылының тұрғындары енді көгілдір отыннан да үмітті. Қазіргі кезде облыс әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы Меморандумда Мұғалжар ауылына газ тарту мәселесі қаралған.

Құрамы ерек, бөлек тас

Орал тауының біздің облысымыздың аумағындағы сілемі — Мұғалжардың қойнауы байлыққа толы. Басқаны айтпағанда, облысымыздағы ірі кен орындарының бірі болып табылатын Алтынды кенішінде алтын өндіретін бірден-бір кәсіпорын орналасқан. Ал өндірістік, тұрмыстық қажетімізді өтеп отырған қиыршық тастың орны бір бөлек. Қазіргі кезде мұнда бірнеше тас ұсақтайтын зауыттар жұмыс істеп, халық содан өзінің нәпақасын табуда.

Қиыршық тас Мұғалжардан да басқа өңірлерде шығарылады. Бірақ Мұғалжар, Бершүгір тауларынан өндірілетін тастың химиялық және физикалық құрамдары ерекшелікке ие. Атап айтқанда, мамандар диапаз деп атайтын тас қаттылығымен ерекшеленеді. Тағы бір қасиеті — суды өзіне сорып алу қасиеті төмен. Сондықтан, әсіресе, көктем, күз айларындағы жауын-шашын кезінде тас суды өзіне сорып алмағандықтан, сапасы бұзыла қоймайды. Бұл қиыршық тас қолданылған құрылыстың беріктігін нығайта түседі. Тағы бір қасиеті, Мұғалжардың қиыршық тасы 2000 градуста еріп, кәдімгі смола сияқты болып қалады. Мұндай қасиеті бар тас әдетте ғарыш ғылымында пайдаланылады.

Сонымен Мұғалжарда тағы бір қиыршық тас зауыты бой көтерді. Зауыт басшылығының айтуынша, мұнда еңбек ететіндердің басым көпшілігі жергілікті тұрғындар болмақ. Демек, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешуге септігін тигізетін тағы бір нысан пайда болды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button